Жұма, Шілде 03, 2020
Жексенбі, 12 Сәуір 2020 23:18

Көкшетауда алкоголь өнімдерін шығаратын зауыт антисептик өндірісін қолға алды

| Автор: 

EDN.KZ Көкшетауда алкоголь өнімдерін шығаратын зауыт антисептик өндірісін қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Кәсіпорын мұндай қадамға сұраныс көп болғандықтан бардық дейді. Антисептик қана емес, аймақта бетперде тігушілер де көбейді. Тіпті, кейбір тігін шеберханалары барлық жұмыстарын тоқтатып, тек қана бетперде тігумен айналысып жатыр.

Көкшетаудағы бұл ірі зауыт, бүгінде сұранысқа сай бейімделіп алды. Бұрын тек сусын өндіретін кәсіпорын, қазір күніне жарты литрлік 150 мың бөтелке антисептик шығарады. Ал өндіріс толықтай дерлік автоматтандырылған. Ауысымына тек 3 адам ғана жұмыс істейді. Ал қалғандары оны жинау, тасымалдау және тарату жұмыстарына жұмылдырылған.

Станислав Максимец, зауыт директоры:

– Жұмыс орындарын барынша сақтап қалу үшін және нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп, өзіміз де табыс табу мақсатында осы өндірісті қолға алдық. Қазірдің өзінде антисептикті Қазақстанның барлық қаласына үлестіріп үлгердік.

Қаладағы тұрмыстық химия зауыты да қазір антисептик өндіруге көшкен. Кәсіпорындағылар аталған өнімнен айына 60 мың литр шығара аламыз дейді. Ал антисептиктің құрамы қарапайым. Этил спирті, дезинфекциялық концентрат, глицерин және түрлі иіс беретін қоспалар. Дайын өнім болса, 1,5 литрлік және 220 мл-лік құтыларға құйылып сатылады. Ыдыстар да осы зауыттың өзінде жасалады.

Ал шаһарда қазір бетперде тігушілер күрт көбейген. Онымен қазір 10 шақты ірі тігін шеберханалары және көптеген жекелеген адамдар да айналысуда. Мәселен, Көкшетаудағы ең ірі отелье, бүгінде тек қана бетперде тігеді. Ал бұл жұмысқа 30 адам тартылған. Маска тігуді тіпті, ірі зауыттардың өзі қолға алған. Айталық, бұл кәсіпорыннан күніне 4 мың дана бетперде шығады.

Саян Боташов, кәсіпорын инженері:

– Енді болашақта күніне 10 мыңға дейін маска тігуге мүмкіндігіміз бар. Керек болса, 2-3 сменамен шығаруға болады. Бір күнде 10 мың маскадан тігуге болады.

Жергілікті өндірушілердің қолынан шыққан антисептек пен бетперделер сатылып қана жатқан жоқ, тегін де таратылады. Бұл іске қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер және қайырымдылық қорлары атсалысып жатыр. Нәтижесінде мындаған адамның қорғаныш құралдарына қолы жетті.

Оқылды 42 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Жалған ақша деп даурықпаңыз

Кіру or Тіркелу